Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  211


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚОС ПАЛУАН

Төсінен жұлдыз ағып, жымып берген,
Мөп-мөлдір көк аспанын тұнық көрген.
Күн мен түн –
қос палуан алып дене,
Бір-бірін алма-кезек жығып келген.
Ту болып желбіреген қанша алаңда,
Шөкпей ме қажығанда нарша адам да.
Жығылды күн палуан кешке қарай
Күндізгі ит тірліктен шаршағанда.
Шығыстан қызыл күрең жанғанда арай,
Қатерге түн палуан барған талай.
Гүрс етіп құлап түсті
Күн палуан.
Жеңіске жетті, әйтеуір, таңға қарай.
Бірі оның –
сәулелерден жебе тартқан,
Бірі оның –
Қара түннен перде жапқан.
Күн мен түн –
 Қос палуан әлі күнге
Бір-бірін жеңісе алмай келе жатқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу