Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  236


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖҮРГЕН ЖАНДАР БИІКТЕ...

Көздеп жыға алмайтын тірі мерген,
Пенде қанша бір өзін ірі көрген.
Жүрген жандар биікте –
Көшкен бұлттар
Бірін қуса жел айдап, бірі келген.
Сөйтіп елдің көгінен бұлт ашылмай
Келеді әлі –
Қайтеді жұрт ашынбай.
Бұршағына кеудесін тосты қанша
Қайғы кешкен Қаратау тұлғасындай.
Билік болып бәрінің таласқаны,
Пенделіктен бір мойын жоқ асқаны.
Сол бұлттарды түп-түгел түре қумай
Елдің қалай ашылсын көк аспаны.
***
Жанар еді көзімде сөнген арай,
Кемем егер жүзгенде өрге қарай.
Өмірімнің көбісі кетіпті өтіп,
Шығамын деп жүргенде төрге қалай.
Көкірегімде тулайды өлең қалай,
Таудан түсіп келемін төмен қарай.
 Жұмыр басым егерде аман болса
Бұл өмірдің қызығын көрем талай.
Төрі даяр болса егер іріге елдің,
Көрі даяр мендейге жылы жердің.
Жүремін бе бір күні кім біледі,
Тізімінен сызылып тірілердің.
Көрген күнім жоқ еді елден артып,
Мерген қанша ту сырттан келген атып.
Арбам менің қырқаға сапар шегер
Тағдыр мені сызғанда белден тартып.
Сауыт кеудем сөгіліп көбесінен,
Мүмкін өлем сатқынның жебесінен.
Жерле мені биікке
Тірілердің
Қарап ылғи жатайын төбесінен.
***
Өз елімде жүрсем де арқаланып,
Біреу мені кетердей қанға малып.
Нән бөрене секілді Қазақстан
Ұшып жатқан жан-жаққа жаңқаланып.
Өз байлығы өзіне бұйырмаған
Бұл қазақтың тағдыры қиындаған.
Сүт кезінде іріген жұрт секілді
Айран болып ешқашан ұйымаған.
Қанша өкпе артсаң да ірілерге,
Шыға қоймас өрмелеп күнің өрге.
Елге орнаған болатын бұзық заман
Табыт тасып жүгірген тірілерге.
 Азамат ер оққа ұшып жатқа атылған,
Құзырлыға жағынып бақ сатылған.
Ірілердің көбісі мақұлық қой
Терісімен адамның қаптатылған.
Солар түгел бүгінде ат үстінде,
Бір-бір қаншық қыңсылап жатты ішінде.
Өз халқынан бәрі де алыстаған
Сырт айналып жүргесін жат пішінде.
Шаң суырып ізінен, құм бораған,
Сұмдар аз ба көңілді мұңға ораған.
Солар еді жабылып ел тонаған,
Ал олардың ұятын кім тонаған?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу