Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  181


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨЗ ЖЕРІНДЕ ЖҮРСЕ ДЕ...

Көңілімде бір аспан күркіреді,
Елдің қашан көгінен күн күледі?
Қаратаудың басынан көш құламай
Қайғы құлап жатыр ма,
Кім біледі?!
Қарт Қаратау арылмай күні үрейден,
Бейшараға айналып сүмірейген.
Терезесі қираған талқандалып,
Көз сияқты ойылып үңірейген.
Қан тамыры үзіліп жұлқына аққан,
Суырып тұр жан-жақтан жұртыма ақпан.
Үңірейген терезе –
Қара жылым
Тіршілікті түбіне жұтып жатқан.
 Жанарында сәуле ойнап, көзі күлген
Қала шамы түп-түгел өшірілген.
Қаратаудың байлығы,
Қазынасы
Желмаясын желдіртіп есіп жүрген –
Бастықтардың қомағай қарынына
Көшкен аудан секілді көшірілген.
Байлығына жат жұрттар қол сұққалы,
Тек тауқымет – халқымның жолыққаны.
Өз жерінде жүрсе де өгей болып,
Аунап бір күн жата ма қоқсыққа әлі?
Әнебіреу не нәрсе бықсып жатқан
Тұрған жоқ па лап етіп өрт шыққалы?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу