Өлеңдер ✍️
ҚАРАТАУҒА БАРАДЫ АУДАН КӨШІП
Биік соқпай таудай ғып тұғырымды,
Дала – таба,
ел қанша қуырылды.
Қаратаудың басынан көш құлаған
Заманында ақтабан шұбырынды.
Сұм тағдырдың қамшысы осқылаған
Қаратаудың басынан көш құлаған.
Тасып аққан Таластың өзеніндей
Қара көзден қанды жас жосқылаған.
Жол бермейтін жігіттің тектісіне,
Қай кезде де залымдар епті ісіне.
Қаратауға босты жұрт қайта көшіп,
Замананың шыдамай тепкісіне.
Жалған Дүние, шынында, жалған десіп,
Қаратауға барады аудан көшіп.
Елге тыным болмады-ау,
Шара қайсы?
Қырдан да есіп, сұм зауал таудан да есіп.
Нарық деген бір пәле зауал ма ескен,
Тарықпаған жұрт бар ма далада өскен?
Аудан көшіп барады Қаратауға,
Арқардайын Арқадан ауа көшкен.
Заман бар ма қазақты жанышпаған,
Жұрт болса да ізінен шаң ұшпаған?
Аудан көшіп барады Қаратауға,
Ақ кемедей жағадан алыстаған.
Көңіл, пейіл тарылып шалқып жатқан,
Кім-кімге де бұл күні талқы батқан.
Қызметтен талайлар қалды ажырап,
Сыпырылған тоқымдай арғымақтан.
Көздерінен қанды жас тарамдалып,
Ел-жұрт еді жетілген сан алданып.
Аудан көшіп барады Қаратауға,
Зәулім үйі, бау-бағы қараң қалып.
Алма беті түтігіп албыраған,
Ел босуда анадай аңыраған.
Құлазыған қу дала секілденіп,
Үйлер қанша бос қалып қаңыраған?
Көшсе, мейлі, бақытқа – құтқа бастап,
Елді түгел тоздырған қырт та жасқап.
Аудан көшіп барады Қаратауға,
Жетім халқын жылатып, жұртқа тастап.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter