Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  241


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАЗАРҒА БАР, ҚҰНЫҢДЫ БІЛГІҢ КЕЛСЕ


Бұлтты күндей күркіреп мұрат-үнің,
Керек десе, көкке де мың атылғын.
Базарға бар, құныңды білгің келсе,
Базар анық айтады
Кімнің қанша тұратынын.
Джунглидің қабылдап заңын алған
Қан базарға бақ сынап бәрі барған.
Үйге, түзге тулақтай қажет болмай
Жігіт қанша базарда бағы жанған?
 Кедей қанша құр жерді сабалаған?
Байлар қанша жоқтарды табалаған?
Қан базарға барады бұл күндері
Жандар ғана базары тарамаған.
Өзге жұрттың елемей кекті үнін де,
Базар ғана сөйлейді тек тілінде.
Базар барсаң,
Бәрін де сен білесің,
Тентектің де бағасын, тектінің де.
Қырсық мүлде,
Кергіген кесір мүлде,
Жетімнің де бағасын, жесірдің де.
Сен білесің
Ердің де анық құнын
Замананың бастаған көшін күнде.
Болашаққа халқыңды ер бастаған
Замандарда бар ма асу ел аспаған?
Жас арудың бағасын сен білесің
Ғұмырында етегін жел ашпаған.
Қасиетін өзгеден ерте білген
Ар-намыс боп қашанда ер тебінген.
Ақ сұңқардың бағасын сен естисің
Көк аспаннан қуылып жерде жүрген.
Құны жоқ деп теңгенің,
Ақшаның да,
Жүре бермей құр босқа ақ сағымда,
Базар барсаң бағасын сен білесің,
Қаһарлы хан,
Айбарлы патшаның да.
 Кісілігі бүр жарып гүлдемеген,
Тексіз қанша тектіге күн бермеген?
Кескін-келбет...
Бәрін де сен көресің
Теледидар түсіріп үлгермеген.
Үлкен Үйде үйренген еркін күліп,
Табыс тапқан сұм қанша жеңіл жүріп?
Неше алуан әңгіме сен естисің,
Өкіметтің жатқанын не бүлдіріп.
Ашылмасын бұрқырап тынысы әлі,
Бағы жанған бәрібір гүл құшады.
Бәрін түгел естисің –
Кімдер келіп,
Өкіметтің басынан кім ұшады.
Теледидар...
Баспасөз былай қалып,
Бойын түзеп,
Белін де қынай барып, –
Кімдер базар өсегін тыңдамайды,
Жатқан мынау заманда шынға айналып?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу