Өлеңдер ✍️

ТҮНГІ АУЫЛДАР
Ат шалдырып қайтсаң да жуық белге,
Арманыңды ауылға қуып келме.
Алтын бесік ел іші болса бұрын
Бұл күндері айналған суық көрге.
Назы ұнаған ауылдың, жазы ұнаған,
Күні жоқ-тын шаттықтан тасымаған.
Қазір көрсең, шілденің аптабында
Суық ызғар жүзінен азынаған.
Күннің көзі ақ сәуле нұрға ораған,
Ауылдардың қызығын кім тонаған?
Көшесімен бұл күнде адам жүрмей,
Шаң суырып, құтырып құм бораған.
Сауық-сайран,
думанды тойдан қалып,
Ауыл түгел жатқасын ойрандалып,
Қарсы алмайды сені ешкім жайраң қағып,
Қарсы алса егер соғардай сойқан барып.
Өлік шыққан қаралы үй секілді ауыл
Қасіреттің үстіне қойған малып.
Тіршіліктің солғындап арынды әні,
Сезілуде пейілдің тарылғаны.
Бітеу жара секілді ауыл кейде
Түртіп қалсаң тұрған бір жарылғалы.
Мал сұраған заманда хал сұрамай,
Ауыл қалай күн кешсін қалжырамай?
Шамдары да жамырап жанбайды екен,
Қозы-лағы кешкісін жамырамай.
Мұндай халге жеткізді қандай Жалған,
Көшелері жел ұйтқып шаңға айналған.
Алып мола секілді көрінеді
Түнгі ауылдар шамдары жанбай қалған.
Көрінсе де сұлу боп таңғы атырап,
Сәл жел соқса тұрғаны тал қалтырап.
Қайран ауыл құтылмай қараңғылықтан
Көңіліңде жана ма шам жарқырап?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇