Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  190


Автор: Рафаэль Ниязбек

АДАМ КӨЗІ БІТЕЛСЕ...

Көз салмаған алысқа,
қыраттарға,
Бастықтардың алдына жылап барма.
Жанға қалай айналсын рухы биік
Елін биік бастамай мұраттарға.
Биік мансап – тағына жайғасқалы,
Жарқыраған бәрінің Айлы аспаны.
Тірі жанды көрмейтін болған түге
Көздерінің еті өсіп, май басқалы.
Қалмағасын қасиет сөз-пері де,
Тіршіліктің ағымы өзгерді ме?
Тас бітеліп көрмейтін болған бәрі
Бастық түгіл адамның көздері де.
Көңілінде болмаса ақ самала,
Тиын қуған жандарды бақ санама.
Жолдағысын түйедей тапап өтіп,
Көретіні бәрінің – ақша ғана.
 Сардаланың жайлаған кілең төсін
Ата қазақ жұртымның құты өлмесін.
Адам көзі бітелсе,
Табиғаттың
Көзі неге суалып бітелмесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу