file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  213


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОЙЫҚТЫҢ ОЙЛЫ КӨЗІ

Бұлттарды көріп қаптаған,
Жылғасы жылап ақпаған,
Ойығым мылтық кезеніп,
Ешқашан аққу атпаған.
Жақсыны қолдап жақтаған,
Қатыны жасық таппаған,
 Дуалы ауыз Ойықтың
Дуалынан қай жау аттаған.
Бұра тартқанға көнбеген,
Қайда да Ойық төрлеген.
Егеулі найза ерлері
Еңкейіп әсте көрмеген.
Желбіретіп келіп тұлымын,
Лайласын кімдер тұнығын.
Жусанын жүрсе жұлдырмай,
Жұлдырсын қайдан жұлынын.
Аспаны толы құс кілең,
Елімнен алғам күшті мен.
Көтерілген Күн де жиектен
Ойықтың өткен үстімен.
Болашақ күнмен сырласып,
Кеудесін тосқан нұрға ашып,
Ойықты оңай демегін
Уақыттан тұрған рухы асып.
Мылтықсыз қырғын майданда,
Қараулық тамыр жайғанда,
Алтынды көріп періште
Әділет жолдан тайғанда,
Ойығым антын бұзбаған,
Құйсаң да байлық қайдан да.
Жаралған өжет пішінде,
Жолбарыс жүрек күшінде.
Ойығым ғұмыр жүр кешіп,
Көгілдір әлем ішінде.
 Жауымды түре қуғанда,
Шабынған ақ бас бурам да.
Асқақ рух, ерлік жоқ деме,
Сомдалып соққан тұлғамда.
Көңілге неге симайын
Жұлдызым көктен туғанда,
Ойықтың ойлы көзіне
Күллі әлем сиып тұрғанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу