Өлеңдер ✍️
АСЫЛ КЕНДЕР КӨП БОЛҒАНМЕН
Қарадан шығып хан болған,
Айтқаны алтын заң болған.
Қараңғы қазақ халқына
Ағарып атқан таң болған –
Қайда жүр,
Қайда Абылай?!
Еліңді сілкіп алсаңшы,
Үстіне тозаң, шаң қонған.
Жолыңды жаулар тосқанда,
Құйындай қаптап жосқанда,
Жай отындай жауға атылдың
Арқаңнан қамшы осқанда.
Шуақ боп шықтың алдынан
Шұбырып халқың босқанда.
Жын-тобырға айнал деп пе едің,
Қара қазақтың басын қосқанда?!
Сөз сөйлеп нұсқа, қысқа да,
Құзырың жеткен құзға да.
Ел түгіл пана болғансың
Қанаты сынған құсқа да.
Арқадан босқан ел жоқ-ты,
Арқарлар ауған қыста да...
Биікте туып би болған,
Көргені құрмет, сый болған.
Күлгені – күміс теңге боп,
Жүргені – күмбір күй болған.
Аш-аламанға дәулет боп,
Үйі жоқтарға үй болған.
Самайын күміс қар шалған,
Ханды емес,
Халқын қарсы алған.
Қайда жүр,
Қайда Төле би?!
Әділдік деп елге жар салған.
Бастықтар – бай да, ел – кедей,
Алалайды неге тар Жалған?
Себебін айт, асыл абызым,
Би болсаң жарық жалғанда
Қара қылды қақ жарған.
Қайдасың,
Қайда, хан Кене?
Біздерді тірі жан деме.
Намысын алған жоғалтып,
Өлген жыландай сал дене.
Тауып бер елге намысын,
Қайдасың,
Қайда, хан Кене?!
Жау сындыра алмаған сағыңды,
Жау айыра алмаған жағыңды.
Өз халқың ермей соңыңнан
Қайтарған жоқ па бағыңды.
Қазаққа жағам деме әсте,
Берсең де алтын тағыңды.
Құл болуға үйренген жұртыңды
Ұл болуға үйрете алмай
Жігерің қанша шағылды?
Кеудеңдегі ұқпай ағыңды,
Үйренген қуып түлкі – сағымды,
Халқыңа бүгін не дейсің,
Жолбарыс жүрек, хан Кене?!
Тәуелсіз ел болсақ та,
Атқан таңын
Арайлап атқан таң деме.
Жоғалған намысын тауып бер,
Өлген жылан секілді
Бүкіл елің –
Жатып қалған сал дене.
Қайдасың,
Қайда, хан Кене?!
Ел қорығын Махамбет!
Сен де жоқсың елімде.
Көл қорыған қызғышым,
Сен де жоқсың көлімде.
Асыл ерлер неге жоқ,
Асыл кендер, асыл тас
Көп болғанмен жерімде?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter