Өлеңдер ✍️

ЖАЛДАМАЛЫ ДҮНИЕ, ЖАЛДАМАЛЫ
Жалдамалы Дүние, жалдамалы...
Түңілмеген кімдер бар жаннан әлі?
Түңілдірер Дүние жалдамалы.
Қатер төнсе там-тасын тастай қашып,
Жандары үшін безінген малдан бәрі.
Жаһаннамға жаныңды жөнелтетін
Жендет те көп бұл күнде жалдамалы.
Шықпасына кім кепіл қарақшылар
Жалаңдатқан қанжарын алдан әлі.
Жалдамалы Дүние, жалдамалы.
Қара халық жалданса еңбегіне,
Егін егіп,
Мал жайып жер көгіне.
Пайда тапқан сұм қанша бұл күндері
Кісі өлтіру айналып ермегіне?!
Жалдамалы Дүние, жалдамалы,
Өлім болған жұрттың да салған әні.
Өлетінді өлтіріп,
Тиіспейді
Таусылмаған жандарға талқаны әлі.
Жалдамалы Дүние, жалдамалы.
Қабан қанжар қадалған тамағына,
Көк жендет те –
Күштінің жарағы ма?
Замана да жалданған жалдамалы
Жатпай, тұрмай қараған қабағына.
Күйіп-жанып жатқанда ыстығы елдің,
Кеткен қанша аузында тістілердің?
Адам түгіл қоғам да жалдамалы,
Ыңғайымен құрылған күштілердің.
Бозторғай боп жармасқан талға жаны,
Жалдамалы Дүние, жалдамалы.
Ақшаң жоқта қасыңнан табылмайды,
Қатындардың байы боп қарғағаны.
Жалдамалы Дүние, самғағалы,
Тіршіліктің бәрі де жалдамалы.
Кісі жалдап, үй салып жатқан жоқ па,
Арақ ішіп есінен танбағаны?
Қай елді де жаулайсың күшің асса,
Генерал да,
Солдат та жалдамалы.
Тарлан ашып жатпаса таңдағаны,
Жұлдызының , сірә, онда жанбағаны.
Ел басына ешкім де келмейді әсте,
Аждаһадай өз жұртын жалмағалы.
Кейде жағдай кетеді ырық бермей
Дүниенің сауырын қандағалы.
Қанын ұрттап жатады содан, бәлкім,
Көз жасына халықтың қанбағаны.
Патшалар да сұм, мыстан саясаттың
Қара құлы емес пе жалдамалы.
...Жалдамалы Дүние, жалдамалы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇