Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  394


Автор: Рафаэль Ниязбек

БЕЙІТТЕР НЕГЕ ЖЫЛАЙДЫ?

Опа көрмей өтті ме тірісінде,
Шығып қалып тірліктің кірісінде.
Кейде аңырап анадай,
Кейде сыңсып,
Бейіт неге жылайды түн ішінде?
 Қара жерге денесін өлгендердің,
Қателігі болды ма көмгенде елдің.
Бейіт неге жылайды түн ішінде,
Жазығында көк шалғын, көркем белдің?
Жоғалғанда көгінен сырғып арай,
Тас бейіттер жамырап құр жыламай.
Жоқтау айтып қыздайын сыңсығанда,
Сай-сүйегің тұра ма сырқырамай.
Құйын тағдыр ұршықтай үйіргенде,
Кімдер асып-саспаған дүйім елде.
«Көріңде өкір!» – деп солар қарғаушы еді,
Әлдекімге ыза боп күйінгенде.
Арман қуған адамдар туып төрде,
Өкіре ме өгіздей суық көрде.
Жылағанда бейіттер түн жамылып,
Іштен тынып өксіген тұнық көл де.
Оқтын-оқтын тұрғанда күн тұтылып,
Сұм ажалдан кете алған кім құтылып?
Өлі тұрмақ бұл күнде жүрген жоқ па,
Тірілердің өздері ұмытылып.
Өспеген бе биіктеп шынары әлі,
Марқасқалар қайда деп мұнаралы?
Жылайды ма бейіттер
Өлген соң да,
Үлесінен құр қалып сыбағалы.
Жатса егерде қазылған үңгірге еніп,
Қалай қызсын бүйірі дүбірге еріп.
Тірілерге риза емес шығар, бәлкім,
Жыласа егер бейіттер күңіреніп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу