Өлеңдер ✍️

АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ САМАЛЫ
Жолбарысым тұрғанда шыңға атылып,
Азаптасын тырнағын кім батырып.
Бостандықтың ботасы боздамайды,
Қайғы-мұңның торына шырматылып.
Тәуелсіздік қаққанда ақ қанатын,
Жұрттың бәрі баянды бақ табатын.
Суық қару асынған мына әлемде,
Зауал қанша әлі де сақтанатын.
Бесігінде тербеткен құм-даланы,
Дүниенің біткен бе шырғалаңы.
Бостандықты көзінен көздегелі,
Мылтық қанша оқталып тұрған әлі.
Боз көйлекті өмірім жырымдалып,
Қай жау мені басынсын қырына алып.
Ауызында оқталған мылтықтардың
Тұрған жоқ па жүрегім тығындалып.
Уақыттың көзімде оты өріліп,
Болашаққа келемін төте жүріп.
Рухым асқақ болмасын неге менің,
Рухым көкке тұрғанда көтеріліп.
Қамшы ұстаған қолына бүлдіргелі,
Іргелі елдің бірімін бұл күндері.
Елін жаңа белеске бастаса егер,
Елбасының бар шығар бір білгені.
Атқа жегіп көрмеген жат шананы,
Туған елдің Тыныштық аңсағаны.
Туым неге құласын,
Мәңгі-бақи
Азаттықтың тұрса есіп ақ самалы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇