file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  542


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚЫН АТАМНЫҢ АҚ ШЫҢЫ

Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына
Жолын кесіп көрмеген жан баласы,
Алты Алаштың кешірсін арлы анасы.
Екі Кенен тумайды
Айға асылып,
Толғатса да тау-тасы, сардаласы.
Талай жойқын тасқыннан жүзіп өтіп,
Көңілінен ұшырған құс түлетіп.
Кенен атам өлеңге айналатын
Өмірді ерттеп мінгенде кісінетіп.
Тіршіліктің тұрғанда өңі кетіп,
Жалғандықтың көбесін сөгіп өтіп,
Жыр жебесі алысқа ұшатұғын
Адырнасын тартқанда мөңіретіп.
Қабыл болып тілегі, аңсағаны,
Ақындардың атанған ақсақалы.
Жүрген жердің бәрінен Кенен атам
Жауһар жырдың есетін ақ самалы.
Жұлдыздары көгінде жамыраған,
Таудың неге қабағы салбыраған?
Базар, Назар өлгенде күңіреніп,
Кенен атам қайғыдан сансыраған.
Ақ ешкіге мұң шаққан
 Лағын жоқтап,
Күндіз-түні зар илеп маңыраған.
Қайғы-мұңның қайрағы жанығанда,
Буырқанған қуарып арығанда.
Мұнарасы атамның құламайды,
Тал бойында қазақтың қаны барда.
Сардаланың көз салған шалғайына,
Атамның ән жазылған маңдайына.
Дүниені өте ме әнмен тербеп,
Бұлбұл егер қонбаса таңдайына.
Көңілінде көк бөрі түлеп өрген,
Ақын бар ма бұл күнде жүрегі өлген.
Әне, біреу ақ бас шың атам шығар,
Алатаудың төсінен түрегелген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу