file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  165


Автор: Рафаэль Ниязбек

БАҒЫМ ГҮЛДЕЙ БАСТАДЫ

Қасіреттің шыға алмай қамалынан,
Ғұмыр қанша үзілген сабағынан.
Қисық жолға тағдырым бастағалы,
Қойған еді мұң кетпей қабағымнан.
Сыбаға жеп санамды уладым ба,
Қарғыс атқан сайтанның табағынан.
Ақиқаттың алдына жүгінгенде,
Қайда барам бәрінен түңілгенде.
Адам жаны тазарған білсең егер,
Тамырына нұрлы қан жүгіргенде.
Тұманданып көз алдым, сағымданып,
Көрмеп еді тірлікте бағым жанып.
Тәңір тауы кеудемде сілкінгенде,
Жаным менің тазарған шаңын қағып.
Егіні ерте піскенде ептілердің,
Жүрегіне жылуы жетті ме елдің.
Намаз оқып, сәждеге мен жығылдым,
Тебірентіп тереңін тектілердің.
Жүрген жандар сайтанның есігінде,
Ұмытады бір күні есімін де.
Адалдықтың жолынан таймайды әсте,
Адалдықтың тербелген бесігінде.
Дүниенің сұмдығын жүре көрген,
Қамсыз қазақ қам жемей жүдеп өлген.
 Құран рухы бойыма тарағанда,
Асқақ рухым тіріліп түрегелген.
Жапырағым тұрғанда қуарғалы,
Дұшпан көздің есімде қуанғаны.
Бағым гүлдей бастады
Жүрегімді
Алланың ақ нұрына суарғалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу