Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
09.03.2022
216

ҚАСҚЫР ҰЯТЫ
Билік құрмай кеуделі ер данасы,
Жатқа тола береді кең даласы.
Ардан аттай бастады бұл адамдар
Ізгіліктің бұзылып шекарасы.
Ар аттаған адамдар баққа жетіп,
Жүрген кезде қылығын мақтан етіп,-
Қасқыр қойға шаппаған қорадағы,
Ала арқанның үстінен аттап өтіп.
Көңілімде бір көктем көктегенде,
Сұрақ қойдым өзіме көк белеңде:
Адам аттай береді ардан неге,
Қасқыр аттап арқаннан өтпегенде?
Тірлігімнің айналған қорғанына,
Ойға шомып, көз салам орманыма.
Сонда қалай?
Адамға қарағанда
Қасқырда ұят күшті болғаны ма?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇