Өлеңдер ✍️
ӘЙЕЛДЕР
Көк бөрілер жортқан байтақ даламда,
Таудан сомдап тұрғызылған қамал да.
Жырынды жау шапты бірде қаланы
Еркектердің қадірі бар заманда.
Қала жұрты берілмеді бір апта,
Жаудың күші басым еді бірақ та.
Тасқын болып жолын бөгей алмады,
Арна ақтарып тулап аққан бұлақ та.
Сарбаздары шайқаста өліп қаланың,
Қайғы жұтқан кезі еді бұл ананың.
Ер кісі еді жаудың әскер басшысы
Қасиетін жоғалтпаған даланың.
Батыр еді болат сауыт киінген,
Жаңылмады өжет мінез күйінен:
– Әйелдерге тиіспейміз,
Әйелдер
Бір зат алып шықсын, – деді, – үйінен.
Жырынды жау қай тұстан да анталап,
Заман кімді тастамаған жаңқалап.
Еркектерін құдай көрген әйелдер
Қапқа салып алып шыққан арқалап.
Бұл ерлікті түгел жырлап шартарап,
Бәрін көкке көтерсе егер нар талап, -
Азат елдің әйелдері бұл күнде,
Ала қапты жүрген жоқ па арқалап.
* * *
Бір қазақты екі ұйғыр өлтіргелі,
Көңілімнің бұрқанды мөлдір көлі.
Күн ашықта бұлардың қай қылығы –
Жүрмесе егер бір қатер төндіргелі.
Арлы Алаштан тұр ма асып Айлы аспаны,
Басынғаны бұлардың қай сасқаны.
Бір тал шашы жерге ұшып түспеп еді,
Ел ішіне көшіп кеп жайғасқалы.
Ар-намыстың сынды ма алдаспаны,
Қай сасқаны жағама жармасқаны.
Тойған кезде иесін қабатұғын
Асыранды иттердің алжасқаны.
Толқын тулап жатқанда тереңімде,
Қысым көрем ендеше неге елімде.
Кірмелерге сая боп келеді әлі,
Жапырағы жайқалған терегім де.
Қабағына ақ қырау қырбықтанып,
Туған елдің аспаны тұр бұлттанып.
Өзге ұлттың өкілі түшкірсе де,
Кете барған бұл қазақ тұтқындалып.
Басынғаны бұл қалай кірмелердің,
Ірілігі қайда бұл іргелі елдің?!
Қазақ қорқып қалды ма,
Өзіне ылғи
Есігі ашық тұрған соң түрмелердің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter