Өлеңдер ✍️
МҰҢАЙҒАНДА
Туған елден ар-иман қуылғалы,
Билік тыңдап көрген жоқ мұңымды әлі.
Құбылмалы заманның құзыры ма,
Жұрттың бәрі бұл күнде құбылмалы.
Арғымақ көп жем жемей қаңтарылған
Таршылықтың тарысын қуырғалы.
Көңілімнен бір үрей кетпей қойды,
Дүниенің қабағы суынғалы.
Ей, ағайын, қапыда тұрған жоқ па,
Қияметтің құйыны суырғалы.
Қасіретін ойласам нұр елімнің,
Қаны қашпай қайтеді түр-өңімнің.
Зымыраны Ресейдің құлап жатыр,
Далаға емес,
Үстіне жүрегімнің.
Барлап егер қарасаң құбыланы,
Зұлымдықтың көп әлі сұр жыланы.
Жаттан қатер жоқ деме,
Елге қарай
Тұрған жоқ па ұшқалы зымыраны.
Шырылдамай қайтемін шырғалаңда,
Жауыз қолдар жармасып тұр жағамда.
Бұл қазақты сыртынан кім сатпады,
Сатқындардың бағы артқан сұм заманда.
Қалай дауыл туады қанатынан,
Қорлау үшін жұрт болса жаратылған.
Жатқа жері су тегін сатылғанда
Жанарынан ызалы қан атылған.
Жат жұрт келіп төріме жайғасқанда,
Ерлік күтіп сарсылғам қай жастан да.
Жетімдері жылаған жұртты көріп,
Күңіренген періште Айлы аспанда.
Асқақ рухы жоғалған құм шағылда,
Жұртым әлі адасып жүр сағымда.
Аждаһаға жұтылып кетпесе екен,
Құлындары шырқырап құрсағында.
* * *
Жолдың қайда бастаған бұралаңы,
Туған елдің таусылып тұр амалы.
Астанаға жол тартқан мұңлық қанша,
Ақордадан бір көмек сұрағалы.
Жұрттың мұңын тыңдамай басынғанда,
Қай мұратқа жетесің ашынғанда.
Құлағына ел зары жетер еді,
Алтын тұтқа есіктер ашылғанда.
Күн көрістің жегілген арбасына,
Көмек берген жан бар ма қандасына.
Ел болдық па, кім білсін, астық емес,
Қара қайғы құйылған қамбасына.
Жап-жас қыздың жігітке артылғаны –
Ар-ұяттың Аралы тартылғаны.
Сәби сатып күн көрген ана қанша,
Қазақ жері жат жұртқа сатылғалы.
Заман жақсы болса егер құл бола ма,
Ел қорғайтын ер жігіт нар тұлғалы.
Билік құрып бұл жұрттың бар жаманы,
Елге қайта оралған зар заманы.
Құралайды көзге атқан мергендейін,
Тартылатын күн бар ма Ар садағы.
Тал бойынан әл кетіп қалжыраған,
Дала жұрты тарығып зар жылаған.
Ей, ағайын, жасыма босқа жүдеп,
Қандай қиын күнде де нар шыдаған.
Бірақ, бірақ...
Ой кешкен құр сарылып,
Жұрт көзінен көрді ме мұң арылып.
Бәйтерегі биліктің тамыр жайып,
Биік өскен көз жасқа суарылып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter