Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  211


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖЕТІМ ҚЫЗ

Жұрттың бәрін тірлікте бұла көрген,
Тас бет тағдыр білгенге құла мерген:
Жастай қалған анадан жетім қыздың
Құрылыста әкесі құлап өлген.
Қайғы торлап ақ жүзін албыраған,
Жетім қыздың тұлымы жалбыраған.
Шөлдегенде көз жасын сусын етіп,
Тұрып жатты үйінде қаңыраған.
 Бұлбұл қонған қыз еді таңдайына,
Тасы тиген тағдырдың маңдайына.
Тісі ақсиып соңынан бір қалмады,
Қара қайғы жармасып шалғайына.
Қара құйын алдынан суырғалы,
Таршылықтың тарысы қуырғаны.
Суырдайын тығылып жатты үйінде,
Адамдардан көңілі суынғалы.
Күңіреніп күй шерткен күрең күнде,
Жетім қыздың ыза көп жүрегінде.
Ана өмірде жақсылық көре ме, айтшы?
Бір жақсылық көрмеген бұл өмірде.
Соны ойласам көңілім сілкінеді,
Қашан қыздың көзінде күн күледі.
...Өз жерінде өгейдің күйін кешкен
Біз де жетім шығармыз кім біледі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу