file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  188


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОСПАНӘЛІ АҒАНЫҢ РУХЫМЕН ӘҢГІМЕ


Күн сәулесі түсіп тұрса молаңа,
Суық көрде өрт жүрегің тоңа ма.
Ел ішінде асқақ рухың жүргенде,
Аға, сені, өлді деуге бола ма?!
Қателігін бетке айтатын ірінің,
Жырға қосып жүрген жоқ па бір інің.
Ел ішінде асқақ рухы жүргендер
Тізімінен сызылмайды тірінің.
Мұқалсаң да тауың талай шағылып,
Ғұмыр кештің шындықты іздеп сабылып.
Құба белге жата кеткен шығарсың
Көк аспанның ақша бұлтын жамылып.
 Күн күлетін көзің сенің күлгенде,
Жатырмын деп әсте ойлама бір белде.
Сені, сірә, алмас еді жоғалтып,
Қадіріңді ерте ағайын білгенде.
Сені жоқтап бұлқынады бұлақ та,
Сені жоқтап теңселеді құрақ та.
Сені ағайын қара жерге көмгенмен,
Өлеңіңді көме алмады бірақ та.
Алабұртқан өжет мінез пішінде,
Аға, сені, көрем ылғи түсімде.
Ақбоз атқа мініп шауып жүресің
Шұғылалы ақ әлемнің ішінде.
Арман құсың ақ қанатын қаққанда,
Арай болып естің талай ақ таңда.
Шауып өткен сенсің бе, аға, деп қалам,
Зеңгір көктен жарық жұлдыз аққанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу