file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  208


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚЫН НҰРЛАН МӘУКЕНҰЛЫНЫҢ РУХЫНА


Құрсағында жаралған арлы ананың,
Айбоз ұлы сен едің сардаланың.
Аттан ұшып түстің-ау, амал қанша,
Айналғанда үніне замананың.
Жақсылыққа ұмтылып қол артқанда,
Қабағына тағдырдың тоң қатқан ба.
Желкеніңді жел қиып кете барды-ау,
Кемең сенің айдынға жол тартқанда.
Туған елдің бөленіп желегіне,
Жаңа-жаңа келгенде кемеліңе,
Шықпай сені қалар деп кім ойлаған
Сүңгігенде теңіздің тереңіне.
Жүрегіңе тиді ме оқ табанда,
Қара Ертістің қайғысын жоқтағанда.
 Менің сардар жүрегім соқпай қалған,
Сенің сардар жүрегің тоқтағанда.
Белін буып, белдікпен қынап алған,
Көрсетеді кімге опа мына жалған.
Айдын көлі Алтайдың білсең егер,
Көз жасы еді анаңның тұна қалған.
Найзағайдай күркіреп жиі күнде,
Өлгендердің бірісің биігінде.
Бір төбеде жатырсың бұл күндері
Тіршіліктің бүлкілдеп бүйірінде.
Сені атына жөнелген мінгестіріп,
Өткен күннің өшпейді мұңы ескіріп.
Өлді деуге бола ма сені, Нұрлан,
Қабіріңнен тұрғанда жыр естіліп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу