file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  198


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШЫНДЫҚТЫҢ БАҒЫ ТАЙҒАНДА

Көңілімнің көктемей жыр көктемі,
Өмірімнің өткізбей тұр өткелі.
Бұл шындықтың түбіне жетем десем,
Шындық менің түбіме жүр жеткелі.
Жақсылыққа мойыны бұрылмаған,
Тас қоғамда өкпесі сырылдаған.
Бозторғайдай шырылдап қалған жоқ па,
Жанның бәрі шындық деп шырылдаған.
Биік ұшқан заман бұл көгершін де,
Зауалына көндігіп, көнесің де.
Шындық егер зат болса,
Тұрады өтпей
Дүкендердің шаң басып сөресінде.
Жұрттың бәрі күн кешіп шырғалаңда,
Босып жүрген жоқ па әлі сұр даламда.
Бағы тайған шындықты қайтеді, айтшы?
Өтіріктің бағы артқан бұл заманда.
* * *
Көсегесі көгеріп өскен елде,
Салмақ салып сөйлеймін сөзге мен де.
Өмір – мұхит болса егер,
Айдынында
Жүзіп келе жатырмын өз кемемде.
Тартып жемей өзгенің сыбағасын,
Сыйлап өстім өзгенің жыр ағасын.
 Ана жаққа аттансам арман бар ма,
Өлең сөздің тұрғызып мұнарасын.
Күрең мінген күркіреп күрең белде,
Ақын қайда жүрсе де жүрегі – елде.
Көктем болып жүгірдім елге қарай,
Көңілімде бір көктем түлегенде.
Құба белдің бойына қан таратып,
Қостым талай бәйгеге ат жаратып.
Ағып өте шығам ба кім біледі,
Дүниені өзіме жалт қаратып.
Өлең болып өмірім өрілгенде,
Жанды менің жұлдызым көңілді елде.
Асықпаса бола ма,
Көкжиектен
Болашақтың таулары көрінгенде.
Жаратқанның нұры боп жауған арай,
Тіршілікте айналсын дауға қалай.
Өмір – мұхит болса егер,
Өз кемемде
Жүзіп келе жатырмын тауға қарай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу