Өлеңдер ✍️

ЕЛДЕН КЕТПЕК БОЛҒАН ӘНШІГЕ
Бір қатерге жолығасың түбінде,
Қайғы іздері тұрған жоқ па түріңде.
Асымды ішіп, табағыма түкірген
Қылығыңды кім кешеді бүгінде.
Бір айбалта жоқ болғасын белімде,
Кімдер мені басынбады жерімде.
Елден кетем десең егер кете бер,
Сендей әнші толып жатыр елімде.
Елге сыймай жүдеп жалғыз қалғанда,
Дүниеден озған жан көп арманда.
Өрге жүзген өзенінде өнердің
Жалғыз кеме сен емессің жалғанда.
Көңіліңнің шуылдаса қамысы,
Момын жұрттың тиген шығар қарғысы.
Тіршілікте қара басын күйттеген
Сенен гөрі қымбат елдің намысы.
Көз алартып туған елім – анама,
Қай бұралқы жармаспады жағама.
Айтпа бірақ сыймай кетіп барам деп,
Орыс, орман ... сыйған байтақ далама.
Кең далама жеткен сұмдар бұғынып,
Сөз сөйлейді бұл күндері сұғынып.
Мүмкін сен де қара қанжар шығарсың,
Жүрген елде жең ішіне тығылып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇