Өлеңдер ✍️
ХАН КЕНЕНІҢ МЫЛТЫҒЫ
Өлген бар ма намыстан пышақталып,
Үлгердік пе, кім білсін, ұсақталып.
Сары орыстың сәулетті мүзейінде
Хан Кененің мылтығы тұр сақталып.
Тарлан ашып, толысқан кемелімде,
Сақталмайды сол мылтық неге елімде?!
Жат алдында көргем жоқ аласарып,
Биік өсіп тұрған соң терегім де.
Талай үзген желкесін сан жебенің,
Қолда тұрса мылтығы хан Кененің,
Ар-намысы тіріліп түрегелген
Қан жүгіріп бойына сал дененің.
Самал еспей жақыннан, жырақтан да,
Арманымның ақ шыңын құлатқанда,
Қаратпады сары орыс есігінен
Хан Кененің мылтығын сұратқанда.
Желі жоқта тартылған жүйеленіп,
Түйін ғой бұл үлгерген шиеленіп.
Орыс әлі қайтармай жүрген жоқ па,
Хан Кененің мылтығын кие көріп.
Қапталымда жүгіріп желген арай,
Нұрым болып сіңеді жерге қалай.
Хан Кененің мылтығы тұрса орыста,
Атылмауы мүмкін бе елге қарай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter