Өлеңдер ✍️
НӘРЕСТЕ
Көңілінің көлі жаңа тұнғанда,
Нәрестенің әкесі өлді... туғанда.
Жібімеді қатал тағдыр қасарып,
Омырауын көздің жасы жуғанда.
Көкірегін қара қайғы тілгенде,
Көктем болып жетті қашан бір пенде.
Дүниеге келмес еді шынында,
Әкесінің өлетінін білгенде.
Тумай жатып Бәйтерегі құлаған
Жас нәресте шырқырап бір жылаған.
Анасы да бірге егілген аңырап,
Отау тігіп, жаңа тұрмыс құраған.
Жарқыраған кеме жүзген айдыны,
Әкесі еді айбыны.
Кімнің асқар тауы егерде құласа,
Күн кешеді қайғылы.
Иман қалмай бара жатса адамда,
Неге ізгілік жоғалмасын даламда.
Әкесіздің күні қараң, ағайын,
Ел жетімдік көріп жүрген заманда.
Бастан бағы тайғанда,
Жетімдерге қатер төнер қайдан да.
Сүйеніші жоқтың бәрі жеңілген
Оқ шығармай атысатын майданда.
Қайың түнде бүрлеген,
Тіршілікте көктем аз ба гүлдеген.
Бірақ өңі суық еді сәбидің
Көзінде күн күлмеген.
Тербетсе де құс әні,
Көңілінің ерімеді мұзы әлі.
Жұдырығын түйіп жатыр нәресте
Тағдырына ызалы.
* * *
Жаралған соң қанынан нұрлы ананың,
Тозған елді көргенде мұңданамын.
Арыстары шетінен өліп жатса,
Қайғысы артпай тұра ма бұл даланың.
Содан, сірә, ашылмай тұр қабағым,
Қараулыққа кезеніп тұр садағым...
Жұрт аманда жүрекке қайғы жамап,
Өзімді - өзім келмейді тұмшалағым.
Дүниенің көркіне көз тұнғалы,
Қайдағыны тұрғам жоқ қоздырғалы.
Азаматтар билікке келеді ме,
Туған елді тулақтай тоздырғалы.
Өмір деген бітпейтін айтыс еді,
Ашық күнде төбеңе жай түседі.
Азаттықтың ақ таңы атқан жоқ па,
Елім неге ендеше қайғы ішеді?!
Естілмейді бағымнан бұлбұл әні,
Жерім тозып, жұрт азса кім кінәлі?!
Байлығымды жат түгел иеленіп,
Аузым асқа жарымай жүрмін әлі.
Алты алаштың ел билеп кіл жаманы,
Бар ма, сірә, Еменнің сынбағаны.
Қорқам кейде бір күні кете ме деп,
Алпауыттар арқалап бұл даланы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter