file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  350


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛЫП ЖАРТАС

Болашаққа күркіреп үні жеткен,
Елдің неге сөнеді күні көктен.
Дүниеге атылған оқтың бәрі
Алты алаштың жүрегін тіліп өткен.
Жер бетінің сұмдығын жүре білген,
Қайран қазақ алшайып күрең мінген.
Дүниені келеді қорғап әлі,
Оқтың бәрін өткізіп жүрегінен.
Күннің нұры түскенде тауға асығып,
Қай көршісін қорлады жау басынып.
Соғыс өрті ешқашан тұтанбайды,
Қазақ жүрген жерлерде дау басылып.
 Бейбіт тілеп, жерінде кие жүрген
Қазақ жұрты барша ұлтты сүйе білген.
Дүниені жылытып келеді әлі,
Суық ызғар өтсе де сүйегінен.
Кеудесінде бұрқанып жатыр ағын,
Туған жердің суарып атырабын.
Бір тал шашы қазақтың жерге түскен,
Бір теректің жел жұлса жапырағын.
Көрінгенге соқтығып, шырықты алған
Бұзық қанша бұл күнде құрықталған.
Алып жартас секілді қазақ кейде
Жел өтінде қасқайып тұрып қалған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу