Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  176


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАЛҒАР ТАУДЫҢ СЫЙЛАСАҢ БІР БИІГІН

Еркін Әзімқұловқа
Биігінде жүрсе де үмітті елдің,
Бәрі бірдей өр емес білікті ердің.
Еркін, сені, бірі деп арқа тұтам,
Кеудесінде тауы бар жігіттердің.
Тамырына қан құйып алма ағаштың,
Ат жалында жетіліп тарлан аштың.
Дулат елі туса да сені албырап,
Азаматы атандың алты алаштың.
Теңіз толқып жатса да көңіліңде,
Бақыт сыйлай бере ме өмір күнде.
Бәлкім, көрген шығарсың тозған шағын –
Шабындығы жайқалған өңірдің де.
 Жанарыңа жарқылдап жыр тұнғалы,
Тұғырлы ердің бірісің нұр тұлғалы.
Ақ сауыттай күн жеген тозып барам,
Алтын жағам сөгіліп, жыртылғалы.
Тарғыл тағдыр қабағын суытқалы,
Жан сырымды жүр дейсің кім ұққалы.
Талғар жақтан сенсің бе ескен көктем,
Жүрегімді мұздаған жылытқалы.
Өте шықты жас күнім көрген түстей,
Уым, сірә, жоқ шығар келген ішпей.
Кісілердің кеудеге Жұлдыз таққан
Жүрген жоқ па сәулесі елге түспей.
Сәулең сенің түскенде жүрегіме,
Қан жүгірген қуарған түр-өңіме.
Бәйтерегім құлайды қалай менің,
Жүрсең егер айналып тірегіме.
Өзендері жарысқан таласа ағып,
Даласы алып қазақтың баласы алып.
Талғар таудың сыйласаң бір биігін,
Ей, бауырым, қалмайсың аласарып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу