file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  221


Автор: Рафаэль Ниязбек

СОҒЫС ЖЫЛЫ ТУҒАНМЫН

Қара бұлтын үйіріп жер-көгіме,
Бір қатердің қарамай төнгеніне, -
Соғыс жылы туғанмын
Асыл анам
Мені ораған қайғының жөргегіне.
Көз жасыма жанымды жиі малып,
Көңілімнің тартылған күйі налып.
Ауылымның қозысын бақтым талай
Қайғы-мұңның шекпенін киіп алып.
Ойын-күлкі көрмеген он жасымда,
Жапырақты жамылғам тонғасын да.
Қара қайғы болатын білсең егер,
Қасыма еріп жүретін жолдасым да.
 Болашаққа көш түзеп беттегенде,
Қайтем енді сырымды шертпегенде.
Талай мәрте үстіне қарғып мінгем,
Қайғыны атам ат қылып ерттегенде.
Жастайымнан бел буып бекінгенде,
Қайтаратын жан бар ма бетімді елде.
Жетілгенмін қайғыны қайрақ етіп,
Жүзім талай мұқалып кетілгенде.
Күндер артта қалғасын тұнжыраған,
Ауыртпалық арқалап кім жылаған.
Қаратаудай қуатпен жүрем күнде,
Қайғы барда қаншықтай қыңсылаған.
Бір өжет күй кеудемді кернегелі,
Зауал бар ма тірлікте жеңген мені.
Мүмкін туған шығармын мен анамнан,
Қара жерге қайғыны жерлегелі.
* * *
Аққудың жоқ па қорғаны,
Күңіренді неге орманы.
Аңдыған аңшы қаншама,
Көліне келіп қонғалы.
Жұлдыздар жылап аққанда,
Қайғырмайын неге ақ таңда,
Мылтықты мерген жағада
Аққуды аңдып жатқанда.
Келді екен қайдан қаңғырып,
Дүниенің аузын қан қылып.
 Мылтықтың оқыс даусынан
Тау іші тұрды жаңғырып.
Жанарын мұнар шалғанда,
Адасқан жан көп жалғанда.
Аққуды атқан адамдар
Алжасып естен танғанда.
Басыңа бақ боп қона ма,
Жаманға әсте жолама.
Аққуды атқан тексізді
Түрмеге жаппай бола ма.
Қоғамда мынау құрама,
Көзіңнің жасын бұлама.
Өзіңе егер сенбесең,
Жаманнан көмек сұрама.
Аққуды атқан сұр мерген
Ақынды атпай тұра ма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу