file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  174


Автор: Рафаэль Ниязбек

СӘЛ БОСАСАМ

Тусам туған шығармын дүрбелеңде,
Туым биік тұрсын деп бір белеңде.
От бола ма кеудемде,
Жарқыл қағып,
Найзағайдың ішінде жүрмегенде.
Жастайымнан ұмтылып төріне елдің,
Атын байлап күн кештім көңілді ердің.
Иттер талап, жанымды қорлар еді,
Ішінде егер жүрмесем бөрілердің.
Құлдық ұрып табынған піріне елдің,
Бәрі бірдей тұлға емес тірілердің.
 Тарыдайын кетер ем ұсақталып,
Ішінде егер жүрмесем ірілердің.
Жауым қаптап жүргесін ел ішінде,
Жүрем ылғи сұстанып ер пішінде.
Жауыз қолдар өлтіріп тынған жоқ па,
Туған елдің салын да, серісін де.
Дүр дүние тұрғанда қасын керіп,
Ақ найзағай кетеді жасын беріп.
Аруақтанып жүремін,
Күн кешкесін –
Аруақты кісінің қасына еріп.
Қоғам дерті бой бермей асқынғалы,
Тұла бойым бұрқанған тасқын әлі.
Сәл босасам –
Желкеме қарғып мініп,
Кім көрінген жүр әлі басқа ұрғалы.
* * *
Дүниеде қым-қуыт дау туғалы,
Туған ұрпақ жоқ әлі жау қуғалы.
Ерлік ізі сайраған бұл даламда,
Азамат ер көп болған тау тұлғалы.
Аспан астын, жер үстін майдан еткен,
Тау тұлғалы сол ерлер қайда кеткен?!
Үлгергенде жұрт түгел майдаланып,
Еркек, сірә, көбейген сайтан ерткен.
Серкелері сертінен тайған талай,
Ұран болар ұл тусын сайтан қалай.
 Ендеше елдің күн қонып кеудесіне,
Еседі деп ойлама қайдан да арай.
Жұрттың бәрі күн кешкен сұр ғаламда,
Жүрген жоқ па шырмалып шырғалаңда.
Ата қазақ бесігін түзегенде,
Көкжал ұлдар өсер ед бұл даламда.
Жатырына суырған құм байланып,
Ана қанша сорлаған тумай қалып.
Еркегінде ер мінез болсын қайдан
Көк базарда жүрсе егер құлға айналып.
Тұла бойға сіңірген күн қуатын,
Күндер қайда көзіңе нұр тұнатын.
Аналардан көз жазып қалдық білем,
Ұлтқа тұтқа болатын ұл туатын.
* * *
Екіталай күн туса дабылдаған,
Ер жігіттің жүрегі қабынбаған.
Төсек – қынап болғанда, денем – қылыш
Отанымды күзетіп дамылдаған.
Ізгілікті көп көрген ізетті елде,
Қаңтарылып тұра ма кісі өткелде.
Отанымның кім бұзсын тыныштығын
Менің сардар жүрегім күзеткенде.
Жігіттерді тобына қосып алып,
Тірлігіме жүргенде дос қуанып,-
Таңсәріде рухтанып түрегелем,
Бауыржанның рухына көз суарып.
 Туған елдің жүргенде қамын ойлап,
Кімдер қызық көрмеді бағын тойлап.
Бауыржанның өр рухы,
Кімнен қорқам,
Буырқанып тұрғанда қанымда ойнап.
Шындық іздеп, түн қатып сабылғанда,
Тауым қайтып, жігерім шағылған ба.
Атқа қонғым келеді ұран салып,
Ата ерлікті аңсап бір сағынғанда.
Көңілімді бұл заман түлеткенде,
Атқа ақырып қонар ем жүректі елде.
Бірақ ерлік бұл күнде кімге дәрі,
Жұрт ұсақтап, ерліктің күні өткенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу