Өлеңдер ✍️
АДАЛ БОЛЫП ТУҒАН СОҢ...
Бәйгелерге көп қосқан баптап атын,
Жігіт едім даладан бақ табатын.
Қарау қоғам биікке ұшырмады,
Арманымның қайырып ақ қанатын.
Дүниенің жаралған жанарынан,
Ғұмыр аз ба үзілген сабағынан.
Үмітімді ызғарлы үсік шалды,
Түнергенде қар жауып қабағынан.
Тұлпарымның тұяғы тасқа ұрылып,
Күңірендім көзіме жас тығылып.
Бекежандар әлі де жатқан жоқ па,
Қособаның түбінде жасырынып.
Иір бұтағы кесіліп қарағайдың,
Ұсақталған кезі бұл нар ағайдың.
Қара түнде жарығы кімге жеткен
Жұлдыздары көп сөнген жаралы Айдың.
Жүрегімді сұп-суық мұзға малып,
Талай мәрте мұң шақтым құзға барып.
Қарау қоғам қамаған қара торға
Көңілімнің ақ құсын ұстап алып.
Құзырлыға сөз тасып, жағы талған
Жарамсақтың бұл күнде бағы жанған.
Намысымды өлтіріп,
қарағайдай
Мүйізімді бұл қоғам қағып алған.
Сайқал өмір бір жылап, бір күледі,
Қара тобыр жын қуып дүрлігеді.
Адал болып туған соң
Бұл қоғамға
Мүмкін өгей шығармын кім біледі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter