Өлеңдер ✍️

ЖЫЛАЙ БЕРМЕ
Өмір өтіп барады, өмір өтіп,
Атқан ұшқыр жебесін мөңіретіп.
Жылай беріп қайтесің,
Мұражайға
Көз жасыңды қоймасаң мөлдіретіп.
Жер сатылып кетті деп жылай берме,
Көз жасыңды көл етіп мұнайлы елге.
Кімдер келіп өмірге, кім кетпеген
Құзырлыны өлмейтін Құдай көрме.
Өзендері жарысып таласа аққан,
Жер бетінде жұрт аз ба санасы артқан.
Құндылығын сатпаған қазақ бар ма,
Ел атанып жүргенде бала сатқан.
Ата жұрттың көзінде күн күлгелі,
Жүргендер көп ел ішін бүлдіргелі.
Ат айналып қазығын тапқандайын
Жер де иесін табады бір күндері.
Жылдар өтіп, замандар ауысқанда,
Өзгереді қарға да,
Сауысқан да.
Туған елге қайтады сатылған жер
Жат жұрағат байлығын тауысқанда.
Айдыны асқан заманда Айға қонған,
Байлық қанша жоқ жерден пайда болған.
Жердің артпай тұра ма қазынасы,
Өзендейін арнасы қайта толған.
Тіршілікте өмірді сүйе білген,
Елге Қыдыр дарытып кие жүрген.
Қорытылмай тұра ма асыл кендер
Бабалардың ақ құрыш сүйегінен.
Көңілінің көмбесін сан ақтарған,
Жұрттың бәрі бұл күнде жарақтанған.
Құдай беріп тұрғанда,
Бұл қазақтың
Жер астына күні жоқ қарап қалған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇