Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  141


Автор: Рафаэль Ниязбек

МҰҚАҒАЛИДЫҢ РУХЫ СӨЙЛЕГЕНДЕ


Өміріңнен өлең іздеп жүргенде,
Шамырқандың дұшпан көздер күлгенде.
Қызғаныштың не екенін түсіндің,
Қызғаншақтың қызыл иті үргенде.
Көңіліңде бір мөлдір көл тұнғалы,
Жанға айналып бара жаттың тұлғалы.
Жауыз қолдар саған қарай созылған
Жұлыныңды көк жусандай жұлғалы.
 Ей, ақыным, кетесің-ау арманда,
Үмітіңді ызғарлы үсік шалғанда.
Құрт боп түскен тамырына өлеңнің
Бақталастық кімді аяған жалғанда.
Қара тобыр өңі қашып қуарған,
Атын талай көз жасыңа суарған.
Жыр жазып ең сілкілеген қоғамды,
Қоғам сенің сілікпеңді шығарған.
Білсең егер жаның содан құсалы,
Көңіліңнің еріген жоқ мұзы әлі.
Іштен тынған жанартаусың бұл күнде,
Көкірегін от кернеген ызалы.
Бейбіт шақта жыртылса алтын жағасы,
Елдің қайдан жазылады жарасы.
Ұлыларға қарағанда бұл күні
Ұрылардың артқан жоқ па бағасы.
Қара тобыр күн көрсетпей саған да,
Қара бұлтын үйіреді табанда.
Қапаланба,
Ғұмыр кешіп жүрсің сен
Ұлыларды сыйламайтын заманда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу