Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  180


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚЫН БАУЫРЖАН ЖАҚЫПҚА

Мұнар мұңға жүрегін ерте малған,
Балалығың булығып елде қалған.
Сені туған өлкеде,
Сынақтардан
Тау жанған,
Тас та жанған,
Жер де жанған.
Ғасырларды жетелеп биікке асқан,
Тұғырлы елдің жүрегін күйік басқан.
Сені туған өлкеде,
Сынақтардан
Сарыарқадан сансырап киік қашқан.
 Қайғы ұсынып еліңе бөрте – жалған,
Талайлардың көзінде сөнген арман.
Сенің мөлдір көз жасың,
Бомбы түсіп,
Қара жерден атылған көлге тамған.
Жігерінің шылбыры есілгенде,
Азамат көп жинаған есін елде.
Сынақтардың сұмдығы сап тыйылған
Даусың сенің күркіреп естілгенде.
Дүниенің сұмдығын жүре көрген,
Қарттар қанша қайғыдан жүдеп өлген.
Дегелең тау күл болып отқа жанса,
Көңіліңде таулар көп түрегелген.
Ақ шыңдардың басына самғай барған,
Саған қарсы тұрады қандай жалған.
Жүрегіңде атомдар жарылса да,
Рухы мықты ақынсың жанбай қалған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу