Өлеңдер ✍️
АСҚАҚ РУХЫ ҰЛТЫМНЫҢ ТІРІЛГЕНДЕ
Қатер бұлтын ысырып елге төнген,
Ерде арман жоқ семсерін сермеп өлген.
Ұран болған ұлтымның рухы өлгелі,
Қара қазақ намысын жерге көмген.
Көз жасымды сімірген мөлдіретіп,
Кірме қанша жайғасқан төріме өтіп.
Садақ тартар ұл бар ма бұл далада,
Адырнасын өгіздей мөңіретіп.
Жұртым, сірә, үлгерген майдаланып,
Көгереді көктемі қайда барып.
Күні өтті ме ерліктің кім біледі,
Жағымпаздық ел ішін жайлап алып.
Дуалы ауыз абызы датқа болған,
Қайран дала бұл күнде жатқа толған.
Бұралқы иттер басына сарыса да,
Азамат ер жоқ әлі атқа қонған.
Неге бұлай?
Ер жоқ па ел ішінде,
Буырқанып жүретін өр пішінде.
Көкжал бөрі жұрт еді бұрындары,
Жолбарыстың көп жортқан өрісінде.
Заман ба бұл жамандық етек алған,
Мұратына мұқалмай жете ме арман.
Арын қорғап, бір қазақ бас көтерсе,
Тоғытылып түрмеге кете барған.
Жанарымның ішінде жатқан арай,
Тереңімді тулатып аққан талай.
Жат есірмей қайтеді,
Бәйтеректің
Бұтақтары иілсе жатқа қарай.
Қорған болған тұғырлы баққа талай,
Азамат ер қонады атқа қалай,-
Ақорданың ішінен ағындаған
Алтын шуақ тұрса есіп жатқа қарай.
Шара қайсы түтігіп түңілгенде,
Қасиеттің жоқтығы білінді елде.
Атқа ақырып намысым қонар, бәлкім,
Асқақ рухы ұлтымның тірілгенде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter