Өлеңдер ✍️

АЙБАЛТА
Арасында екі елдің дау туғалы,
Азамат ер қайда жүр тау тұлғалы?!
Уланбаған жан бар ма,
Алып Ресей
Улы темір төбеме жаудырғалы.
Түн жамылып бағымды ұрлағалы,
Қараулықтың бұзылмай тұр қамалы.
Қарқаралы басынан бұлт кетпеді,
Қара құйын суырып бұрқағалы.
Көктен темір жаудырған шығар, бәлкім,
Асқақ рухын ұлтымның улағалы.
Қайран қазақ туғасын құм, шағылда,
Талай тоңған тағдырдың мұздағында.
Қаны таза ұрпағын Ресей улап,
Қырып жатыр ананың құрсағында.
Ойран салып ойлы елдің келбетіне,
Қашан айдап салмады жел өтіне.
Сары орыстан жақсылық кім күтеді,
Өлім сеуіп тұрғанда жер бетіне.
Жұрт болса егер қарау боп жаратылған,
Ызғар еспей тұра ма қанатынан.
Зымыраны көгімнен құлағанда,
Қара жердің көзінен қан атылған.
Шыққан жанның бәрі де жарға ашынып,
Өлген жоқ па қайғыдан талға асылып.
Бұл сұмдықты көрем деп кім ойлаған
Жеткенде елім арайлы таңға асығып.
Тұнып аққан бұлақты бұла көрген,
Көкжал заман шынында құла мерген.
Анасы өлген жетім қыз дертке ұшырап,
Көк пойыздың астына құлап өлген.
Қазақ енді қай кезде сілкінеді,
Заманында мың өліп, мың түледі.
Айбалтасы жоқ елдің қолға ұстаған
Күні қараң бола ма,
Кім біледі?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter