file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  391


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТУҒАН ЕЛДІҢ ТӨРІНДЕСІҢ

Қазақтың тұңғыш ғарышкері
Тоқтар Әубәкіровке
Білем сенің бұл күнде өрт көңілің,
Алыс-жұлыс тірлікпен өтті өмірің.
Көк бөрі еркек сен едің бұл далада,
Тік қараған көзіне көк бөрінің.
Көкжал бөрі атанып бөрі ішінде,
Тірлік етіп, күн кештің өр пішінде.
Арыстанның жүргенін көрген бар ма,
Қара қойдың жайылған өрісінде.
Табиғаттың тылсымын жете білген,
Арыстандар қашанда жеке жүрген.
Азаматтың бірісің бұл күндері,
Жүрегіне қадалып жебе кірген.
 Айыратын жан бар ма сені еліңнен,
Сенбейтінің көп әлі сенеріңнен.
Жер бетінің сұмдығы қажытқанда,
Сабыр сақтап, аспадың кемеріңнен.
Көрген емес жалғанда түлен түртіп,
Сағынғанда өзіңді жүрем күтіп.
Аспан таза екен деп жер үстінен
Талай мәрте булықтың күреңітіп.
Көңіліңнің балта ұрған терегіне,
Уын шашпай тұра ма желегіңе.
Бұл қазақтың жықпылын түсінбеген –
Үнсіз батып жоғалған тереңіне.
Жер бетіне шуағын төккен арай,
Көктем болып жетпесін көпке қалай.
Аспан таза болғасын
Кей күндері
Көшіп кеткің келеді-ау көкке қарай.
Жағып талай жұлдызын көңілді ердің,
Тіршілікте сан қилы өмір көрдің.
Төрін саған Ақорда қимаса да,
Ей, бауырым, жүрсің сен төрінде елдің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу