Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  301


Автор: Рафаэль Ниязбек

АҚЫН МҰҢЫ

Көңілімді бір кезде нұрға ораған,
Ауыл барсам алдымнан құм бораған.
 Түн жамылған баукеспе ұрыдайын
Қуанышын, қызығын кім тонаған.
Мына қарау қоғамда құрамалы,
Күн кешем бе деп қорқам сұламалы.
Ауылымнан еспейді көктем лебі
Зымыраны Ресейдің құлағалы.
Кісі бар ма зарына құлақ асқан,
Ауыл үстін бұл күні мұнар басқан.
Сарыарқаның ауасы уланғасын
Аспанынан алқынып қыран қашқан.
Түнергенде қабағын түйіп аспан,
Туған елдің жүрегін күйік басқан.
Сарыарқаның ауасы уланғасын
Қасіретін арқалап киік қашқан.
Мұң ұялап ауылдың қабағына,
Ит сарыған заман бұл табағына.
Барған сайын мұңайып қайтам ылғи
Сағынышымның жас толып жанарына.
Не айтамын қазақтың қауымына,
Қасқырдаймын оқ тиген сауырына.
Өлгендердің басына құран оқып,
Қайту үшін барамын ауылыма.
Жүрегімді бұл қайғы кескіледі,
Қарау Күштер қайсы бір ес біледі.
Зымырандар құласа,
Өлгендердің
Ыңырсыған үндері естіледі.
 Қатер бұлты басына төнгенде елдің,
Бұғынғаны бұл қалай көргенді ердің?!
Тірі жүрудің өзі ерлік бұл заманда,
Мазасын ап жатқанда өлгендердің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу