file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  163


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕКІ КӨРІНІС

Замандардан заманға көшіп жүрген
Сараңды қой күн батпай есік ілген.
Аралды ойлап зыр қағып жүгіруде
Арлы жандар бұл күні есі кірген.
Қалжыраған теңіздің халін көріп,
Елге рахмет жүгірген барын беріп.
Қансыраған тірлікке көп те етпес-ау,
Денедегі құйса да қанын бөліп.
Гүлге ораған сан өлке,
Сан қырыңды,
Еңбек сауған қарт еді алғыр үнді:
– Оу, дәрігер, Аралға жалға, – деді, –
Менің тарлан бұл күре тамырымды.
Заңғар оймен жүргенде асып, толып,
Танылмасын неге елге асық болып?!
Төреқұлдың баласы – Шыңғыс аға
Құйды Аралға Талас боп тасып келіп.
 Көкжиекке сүңгітіп құмай-күнін,
Жұлдыз, Айға толтырған нұр айдынын,
Сол Аралға келін боп түскен апам,
Пошта арқылы жолдады бір айлығын.
Иығы асып тұрмай ма тұстасынан,
Кісілікті ойласа кім жасынан.
Бір оқушы жіберді
Жылдар бойы
Үнемдеген тиынын түскі асынан.
Азамат деп қажетке тұрған жарап,
Қуансаң да алайда бұған қарап,
Әне біреу көргенде саудагерді,
Шыр айналар дүние бір домалап.
Төбесінен сұм жалған анық атқан,
Жан екен бір ішіне қаны қатқан.
Кешесің бе қылығын –
Тұзды Аралдан
Сүзіп әкеп уланған балық сатқан?
Жаңылмаса болғаны есебінен,
Тіршіліктің тал жібін есе білген.
Ауру сатып тұрмын деп ойламайды,
Ауру балық сатса да неше күннен.
Имансызға не дейсің ардан безген,
Жаңылмаса болғаны есебінен.
Әттең, оны желкеден бүрсем еді,
Соңы немен бітерін білсем еді...
Ауру балық жегендер
Бірақ ертең
Ауырмайды дегенге кім сенеді?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу