Өлеңдер ✍️
КӨШ НЕМЕСЕ ӘЖЕ ЗАРЫ
Бұлбұлдайын безінген өз бағынан,
Құландайын безінген өз қағынан,
Ата қоныс жұртымнан көшіп барам,
Не болса да көрмек боп өз бағымнан.
Көшпей қайтем – айналам құмға айналды,
Күнім және батуға ыңғайланды.
Жалғызымнан немере сүйсем деп ем,
Келінім де қас қылып тумай қалды.
Желмаядай желетін мінгенімде,
Боталамай сорлатты інгенім де.
Айналайын Аралдың арқасы екен,
Қызыл-жасыл киініп жүргенім де.
Думандатып, ән салып кешке күнде,
Қызғылықты бал дәурен кешкенім де,-
Арқасы екен Аралдың...
Қажет болмай,
Қаңсып қалды қайық та, ескегің де.
Бәрі қалды, адыра бәрі қалды,
Шарыққа сап тағдыр да жанып алды.
Қарғыс атқыр тұз болып, үскірік боп,
Жан-тәнімді сан мәрте қарыған-ды.
Сап тыйылып береке-құт та ағылған,
Айырылдым-ау қасиет тұтқанымнан!..
Жалғыз үй ек –
Көшкенде ауыл түгел
Қимай атамекенін жұртта қалған.
Қасіреті,
Қайғысы,
Мұңы ұлғайған,
Кемпір болдым бүгінде мыжырайған.
Төрт құлақты қыш үйім қап барады,
Тағдырына жандайын қыңырайған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter