Өлеңдер ✍️
АРАЛ МҰҢЫ
Жер бетінен мен енді жоғаламын,
Қателігін кешіріп көп адамның.
Алып жүрек секілді тоқтап қалған
Құшағында даланың демаламын.
Жоғалған көл, теңіздің санатында,
Қара жердің демалам қабатында.
Айдынымды Ғасырдың желі шайқап,
Бара жатыр таусылып тағатым да.
Қатер бұлтын елемей жекелеген,
Тап болдым-ау зауалға төтелеген.
Кәне, мені сақтаса
Қайда адамдар
Арна тартып суымды жетелеген?!
Қайда адамдар
Қуатын сағындырған,
Табиғатты түлетіп бағындырған?
Өзен бұрып шөлдерге...
Қайда адамдар
Өзендердің ағысын жаңылдырған.
Күші қайда,
Құдірет күші қайда
Не құбылыстың бәрін де табындырған?
Адамдардың шынында өзі емес пе
Табиғаттың өкпесін қабындырған.
Шаққа жетіп мұңымды шағып тұрмын,
Сансыратып санамды сабылдырған.
Көрсетпейді неге енді сол қуатын,
Жалғыз мен бе зауалға жолығатын, -
Бір жағымда Балқаш тұр Өмір тілеп,
Ел-жұртына жолдаған соңғы хатын.
Енді қайтіп өмірім жаңғырады,
Көктей солды жағамның бал құрағы.
Адамдар-ай,
Мінезі өзгерді деп,
Табиғатты және де жазғырады.
Алақандай айдыным
Секілді бір
Қирап түскен бір үйдің шаңырағы.
Қырға шықсаң бір кезде сауық құрған,
Көк ала бұлт көшеді ауып қырдан.
Тұз жауатын мезгілге жеттің, елім,
Жаңбыр деме көгімнен жауып тұрған.
Қолдағанда ел болып, жебегенде
Шалқып, тасып жатпайын неге мен де?!
Не бітірді адамдар
Маған құяр
Өзендерді тізгіндеп, бөгегенде?!
Ғарыш кезіп,
Күн асып,
Айға барған,
Ерлік иісі шықпады айналамнан.
Қайдасыңдар мені емген, қарақтарым,
Перзенттік парыздарың қайда қалған?!
Жанарымда тұрғанда мұң байланып,
Төрінде, айтшы, отырмақ кім жайланып?!
Жылай-жылай көзімнің сорасы ағып,
Барам тұзды, сортаңды құмға айналып.
Ара түсер табылмай ерен пенде,
Тағдыр сыйын, қайтейін, көрем мен де.
Кер даланың жұмылған көзі болып,
Құмға айналып жатармын кең өлкемде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter