Өлеңдер ✍️

АРАЛ ҚҰРЫП БАРАДЫ
Арал құрып барады,
Кім кінәлі?
Жауап таппай мен соған жүрмін әлі.
Адамдар-ай,
Аралды қолдан беріп,
Жүрсіңдер ме арқалап мың күнәні?
Күннен-күнге барады құрып, семіп...
Енді мәңгі естілмес, мүмкін, әні.
Теңізді ойлап зәр жұтып, мұңданасың,
Мұңданасың, кей-кейде тұлданасың.
Арал көшпей қайтеді жер бетінен,
Дүние сырғып орнында тұрмағасын.
Жарымаған шуаққа,
Шұғылаға
Тіршіліктей алқымнан буына ма?
Арал сұлық жатыр-ау
Нар секілді
Бетін беріп жығылған құбылаға.
Айдынында Ай жүзген Арал барда,
Айбынды еді ақиық адамдар да.
Арал еді өшпеген,
Сарқылмаған
Небір қилы кешегі замандарда.
Барып көрші,
Қазіргі Арал қандай?
Үзік-үзік өзек боп жаралғандай.
Алақандай айдыны мөлт-мөлт етіп,
Тәңіріге жалынып қарағандай.
Тұрған жоқ па Арал боп мұң көздегі,
Бүгінде оны кім сезді,
Кім сезбеді?
Жер бетінен жоғалып барады, әне,
Мамонтқа ұқсап Арал да бір кездегі.
Өркеш-өркеш қу шөлдің құмағында,
Арал еді жоғалтқан бұлағын да.
Жел тербеткен толқыны
Сырға болып
Сұлулардың кетті ме құлағында?
Сөйлер болсақ атынан Ақиқаттың,
Қажетіне жараған жамиғаттың, -
Қайран Арал –
Жүрегі ел деп соққан
Бір перзенті емес пе табиғаттың.
Көл болса да жатқан бір нақ табанда,
Бәлкім, ерлік болар ед сақтағанда.
Айналайын бұл Арал бұйым ба еді,
Тастай салар лақтырып жақпағанда?
Қайда кеткен елімнің көшелі ері,
Жорғалаған майда тіл – шешендері?
Аралыма арқырап жетем деген
Қайдасыңдар, Сібірдің өзендері?!
Тұрмағасын қарсы алып күліп төрі,
Үзілді ме ертерек үміттері?
Қолға алмай ма, ойпырай,
Қайда өздері
Барыс жүрек елімнің жігіттері?!
Толқын атқан бір кезде төске ерінбей,
Айдынынан барады сес көрінбей.
Арал деген ұлылық емес пе еді,
Қалғаны ма шынымен ескерілмей?!
Қарамайтын Аралдың мән-жайына,
Сор болды ма жазылған маңдайына?
Өзен бұрмау –
Жатқанда өлімсіреп,
Су тамызбау емес пе таңдайыңа?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇