Өлеңдер ✍️

ҚАМЫҚҚАНДА
Қабағы кімнің жылыған,
Көңілім талай суыған.
Ашыққан ауыл иттері
Ақордаға қарап ұлыған.
Қайғымды қайғы қозғаған,
Ел бар ма азып, тозбаған.
Ботасы өлген бозінген
Ақордаға қарап боздаған.
Қиратып жолды ел жүрген,
Желбуаз қанша елірген.
Тарыққан тарлан ауылдар
Ақордаға қарап телмірген.
Жанына кімнің нұр сіңген,
Қанына кімнің жыр сіңген.
Ақордаға қарап Қаратау
Күңіреніп ауыр күрсінген.
Шырылын естіп шындықтың,
Қай жерде қорғап тұр мықтың.
Өтінде қазақ жүр әлі,
Оқталған қара мылтықтың.
Дұшпанның құтын қашырған,
Халықты қайтсін ашынған.
Ақорданың алтын есігі
Қазаққа қашан ашылған.
Сергелдеңге түстім – сенгенде,
Еңіреп қалдым – ергенде.
Ақордаға қарап ұлыдым,
Ақорда сыртын бергенде.
* * *
Таршылықтың бораны борағалы,
Ұрылардың жұлдызы жоғары әлі.
Азаматтар билікке келеді ме,
Туған елін тұқыртып тонағалы.
Туын биік көтермей жігерлі ердің,
Тоналғаны бұл қалай іргелі елдің...
Бәрі бірдей таза деп кім айтады,
Билік айтып, биікте жүргендердің.
Айдын көлдің тұнығы тұнбағалы,
Бұл өмірде білмеймін кім бағалы.
Ұлық қанша айбынып атқа мінген
Асқақ рухын ұлтымның ұрлағалы.
Қуат беріп тұратын елге күнде,
Кісі қалмай бара ма сенетін де.
Ұлықтары шетінен ұры атанған
Бізден өзге жұрт бар ма жер бетінде.
Кілең сұрқай ел билеп сұр жағалы,
Сауық-сайран қанша жыл құрмағалы.
Ұры ұлықтар туатын болған жоқ па,
Ұлы елімнен ұлылар тумағалы.
Уақыттың қайғы есіп қанатынан,
Қаратаудың көзінен қан атылған...
Игі жандар ала жіп аттамайды,
Адалдықтың нұрынан жаратылған.
Талай сыпа ел тонап күркіреді,
Көңілімде ызалы жыр түледі.
Ұрлық қылған ұлықтар о басында,
Туған шығар ұрлықтан кім біледі.
* * *
Кісіліктің жоғалғалы ізгі үні,
Дүниенің бұзылып тұр ұсқыны.
Туған елдің жерде қалып жүгені,
Көрінгеннің қолында жүр тізгіні.
Ақиқаттың адасқан соң жолынан,
Елдің қайдан тусын Айы оңынан.
Қандай жұрт та ұшырайды апатқа,
Көрінгеннің ере берсе соңынан.
Сардалада тулап аққан Жайығы,
Бұл қазақтың қайда асқақ айбыны?!
Өз тізгінін көрінгенге ұстатқан
Суға батпай тұрмас жұрттың қайығы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇