Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  199


Автор: Рафаэль Ниязбек

СЕН АРҚЫЛЫ

Жалған сөйлеп, ақталып безілдеме,
Жол үстінде аумасын көшің неге.
Билік сенің қолыңмен,
Қазақ жерін
Саттырғаны, бауырым, есіңде ме.
Керегесін кең жайған дала, белге
Неге сонша өшіктің жаралы елге.
–Жерді сату керек! – деп қай сасқаның,
Қалың елді қаратып қара жерге.
Тіршіліктің көз салсаң жүйесіне,
Елің неге түспеді жиі есіңе.
Қазақ жерін саттырған қай кісі де,
Мүмкін емес қалмауы киесіне.
Күлкің сенің жоғалып тылсым белде,
Бұралқыдай булығып жүрсің елде.
Жер астына жүрмегін түсіп кетіп,
Қазақ жері ызалы сілкінгенде.
Жалғыз сенсің сорлаған қапы қалып,
Бір өкініш кеудеңде жатыр ағып.
Билік сені лақтырып кеткен жоқ па,
Қазақ жерін өздері сатып алып.
Бұлт ішіне қамалып Ай тұрғалы,
Мақтан көрем бүгінде қай тұлғаны.
Үй салатын жер таппай сорлауда әлі,
Қазақты өзің жерінен айырғалы.
 Заман туып келе ме тым ызғарлы,
Жұрттың бәрін тұр қинап тұрмыс қамы.
Билік сені өсірді,
Сен арқылы
Бір Қаратау қайғыдан тұрғызғалы.
* * *
Еспеді ме жүзінен көктем лебі,
Ауылыма бармаппын көптен бері.
Уақыттың тоздырып жіберді ме,
Құбыладан соғатын өктем желі.
Жақсылығын бұлдаған сұр ғаламда,
Арлы ауылым күн кешкен шырғалаңда.
Есек неге қаптап жүр,
Бұрындары
Арғымақтар көп туған бұл даламда.
Кімге дәрі бұл өмір тұнжыраған,
Қайғысына қайыспай кім шыдаған.
Қай ауылға барсаң да,
Бұл күндері
Жоқшылықтың қаншығы қыңсылаған.
Көңілінен арайлы таң тараған
Ауылды кім тоздырып, жаңқалаған.
Көшесінде құм борап суырғалы,
Ала қабын қайғының арқалаған.
Қу сүйегін сүйретіп, қыбырлаған
Қарттар қанша кеудесі сырылдаған.
Жылан жайлап кеткендей елдің іші,
Қуанышын,
Қызығын кім ұрлаған.
 Түлкі құйрық заманда бұлғақтаған,
Ауыл еді өн бойын күн қақтаған.
Тірі екен деп қуандым,
Мұржасынан
Түтіндерін көргенде будақтаған.
* * *
Қанша жігіт болсам да мұнаралы,
Көңілімнің тартылып тұр Аралы.
Түсінбеймін,
Мені ылғи қырсық шалып,
Үлесімнен құр қалам сыбағалы.
Тұлпарымның тұяғы тасқа ұрылып,
Өксігенмін көзіме жас тығылып.
Қырсық шалып, құр қалсам сыбағамнан
Неге ішімде жатпасын қасқыр ұлып.
Қасиетім көп еді ел білетін,
Желді күні жан көп те желігетін.
Біреулердің астында жүрген жоқ па,
Ақ арғымақ тулатып мен мінетін.
Иттер тартып, етегі жырымдалған
Тіршіліктің болар ма жыры жалған.
Мен шығатын биікке
Менен бұрын
Көкесі бар біреулер шығып алған.
Жанарымның ішінде нұры қалған,
Тіршіліктің болар ма жыры жалған.
Мен кіретін үйге де,
Менен бұрын
Көкесі бар біреулер кіріп алған.
 Көп тоздырған жүйкеме тие беріп,
Бұл өмірді қайтемін кие көріп.
Мен алатын сыйлықты кеткен жоқ па,
Көкесі бар біреулер иеленіп.
Жығылсам да биіктен көп домалап,
Жылынғанмын бойыма көктем тарап.
Заман туған екен ғой,
Үретұғын
Көкесі бар иттер де көкке қарап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу