file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  194


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛТЫНБЕКТЕР ӨЛЕДІ ОҚТАН НЕГЕ?


Құйындары жосылған қырда ағылып,
Қарау қоғам әлі де тұр қағынып.
Айға азуын білеген Алтынбекті
Қарақшылар кетті атып түн жамылып.
Шың басынан ақ жұлдыз көрінгенде,
Туған жігіт болатын көңілді елде.
Арыстары алдымен оққа ұшады,
Алты Алаштың іргесі сөгілгенде.
Намысымның сынса егер ақ қайрағы,
Қайдан өтсін семсерім жатқа айлалы.
Елді ұстайтын арыстар оққа ұшады,
Ел басынан тұрғанда бақ тайғалы.
Жүзбеген соң ақ кеме тереңімде,
Жапырағын жаймай тұр терегім де.
Азаматтар ақырып атқа қонған
Оқтан ылғи өледі неге елімде?!
Азуыңды аузыңнан қағып алған
Қарақшының қашанда бағы жанған.
Алтынбектің анасы боздағанда,
Жүрегімде жаңғырып зары қалған.
Тіршіліктің көз жазбай ағысынан,
Күндер қайда күркіреп бақ ұсынған.
Қорғайды деп ойлама,
 Бұл күндері
Шырылдаған Шындықтың сағы сынған.
Қыран құсын ұшырмай ел түлетіп,
Қайран заман бара ма кері кетіп.
Алтынбектер өледі оқтан неге,
Туын биік көтерген желбіретіп.
Мүмкін құртып тынбақ па кім біледі,
Нар қазақты ормандай селдіретіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу