file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  177


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨМІР – ЖҰМАҚ

Қысқа жіпке мені әкеп жалғай салған
Іші мұздай, безбүйрек қандай жалған?
Тасқа тұнған мөп-мөлдір таңғы шықтай
Тамшы жас бар көзімде тамбай қалған.
Өмір кешіп жүрмін бе, кім біледі,
Жаңбырлатып, соңынан қарға айналған.
Күндесе де сыртымнан кім күңкілдеп,
Көктем сайын бүр жарып жүрмін гүлдеп.
Күмбездейін ішінде жел ұйтқыған,
Қуыс кеудем көңілсіз тұр күңгірлеп.
Пісіп, қатқан тағдырдың көрігінде
Суық тартып барады өмірім де.
Көлеңкеде сүр қардай жатып қалған
Қатқан мұз көп ерімей көңілімде.
Қоңыр қаздай адасқан үйірінен
Бір шөкім бұлт төбеме үйірілген.
Суырылмай қап қойған жебедейін
Кетпей қойды бір шаншу бүйірімнен.
 Жарқ-жұрқ еткен көздерім ұшқын атып,
От шашқанда көгінен құс құлатып,
Қысып мені тұрғандай қос өкпемнен,
Ішіме ылғи Сібірдің мұзы қатып.
Жасығанда жаныңа қуат беріп,
Жарылқасын қай тобыр шұбап келіп.
Күйген күнім аз емес тозақ кешіп,
Бұл өмірге келсем де жұмақ көріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу