Өлеңдер ✍️
БАС ТУРАЛЫ
Жанарымның ішінде ғасыр аунап,
Барыс аулап күн кештім, қасқыр аулап.
Келем әлі уланған Уақыттан
Хан Кененің жоғалған басын даулап.
Арсыз ажал төнгенде хан Кенеге,
Азамат ер шайқаспай жан бере ме.
Талай мәрте жас қазақ бассыз қалып,
Сансыраған айналып сал денеге.
Найзағайдан от емген, жасын сауып,
Қатер бұлты тұра ма асылға ауып.
Ел басына қатыбас зауал төніп,
Махамбеттің желпінген басын шауып.
Жазып кеткен тарихын тасқа шебер,
Заман қайда жүрекке, басқа сенер?
Жалтақ болар қай ел де,
Жауыз қолдар
Басын шауып Ерліктің тастаса егер.
Көз суарып көркіне жасыл белдің,
Сүртем ылғи өлеңмен жасын елдің.
Тірілердің басынан жұлынбаған
Бастары көп жұлынған асыл ердің.
Басылмаған мезгілде тасқын әлі
Сүрінгенге жолдағы тас кінәлі.
Қай кезде де жұлынып қолды болған
Көзсіз батыр, ақылды бастың бәрі.
Қос есігін жұмақтың тұрған ашып,
Кісі дей ме Алаштан туған асып.
Өмір қорғап,
Ал өлім жұтпақ болып,
Екі ұдай боп басыма жүр таласып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter