Өлеңдер ✍️

ТІРШІЛІКТІҢ КӨЗДЕРІ
Тамырында тулаған қаны тасып,
Қазақ қайда жүрмеген жалын шашып.
Жолаушыға мінгізген жалғыз атын,
Келе жатқан алыстан арып-ашып.
Көкпар десе, бойында қан қызатын,
Қазақ аз ба тастан су ағызатын.
Қонақ келсе үйіне құрақ ұшып,
Түк таппаса, жайратқан жалғыз атын.
Жамыраған жұлдызы көгінде өріп,
Қазақ ғұмыр кешсе де көңілденіп,
Босағада телміріп отырғаны,
Қаңғып келген қонаққа төрін беріп.
Өткен күнін жоғалған сағым көріп,
Келер күннің қуанған жалын өріп,
Қазақ алып өзгеден үйренбеген,
Жүрсе де ылғи өзгеге барын беріп.
Қазыналы қазақтың жерін көріп,
Ірге тепкен жат қанша желімделіп.
Жомарт кісі атанып,
Көрінгенге
Қанша жерді «жылатты» тегін беріп.
Шыбықты да өсіріп шынар қылған,
Елдің қашан көзінен мұң арылған.
Жерді неге сатады антұрғандар
Бабалардың қанымен суарылған.
Ауыртпалық көп әлі жанға батқан,
Өзендердің суы да зарлап аққан.
Жер сатқанның несі артық сұмырайдан –
Өзін туған анасын жатқа сатқан.
Шеттен келген шендіні бұла көріп,
Жұрт та жаман үйренген бұға беріп.
Жер сатқанды астына жөнелтсе ғой,
Жер астынан бабалар шыға келіп.
Бір сұмдығын ішіне түйе келіп,
Жат жұрт жерін кетсе ертең иеленіп,
Қазақ неге жерінен қуылмасын,
Күннен күнге тағдыры шиеленіп.
Бөріге жем бола ма сайда қалып,
Қарағанда көзіне Қайғы аларып.
Жері түгел сатылып кетсе егерде,
Қазақ күнін көре ме Айға барып.
Ұлықтардың үстіне шекпен жауып,
Сұқ көздер көп далаға жеткен шауып.
Талайларды тарлан ғып Айға ұшырған
Байқоңыр да Ресейге кеткен ауып.
Екі ұрты қан заманды қасқыр көріп,
Ғұмыр кешкен қазақты тасқынға еріп,
Қырмақ болып тағы да,
Қалар ма екен
Тіршіліктің көздері тас бітеліп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇