Өлеңдер ✍️
ЕКІТАЛАЙ КҮН ТУСА...
Басын қағып ұшырған хан Кененің
Уақыттың көзінен қан көремін.
Содан, міне, ер қазақ бассыз қалып,
Шыға келген бірі боп сал дененің.
Бұндай сұмдық бола ма көргенді елде,
Ерлік қоса өлген-ді Ол өлгенде.
Қазақ бассыз қалғанын ойлады ма,
Ханның Басы домалап жөнелгенде.
Сол Бас неге табылсын іздегенде,
Күдерімді, қайтемін, үзбегенде.
Бассыз тұрған қазақ па деп қаламын,
Тоқал төбе көрінсе түз белеңде.
Алма-кезек жүгіріп әр төбеге,
Ғұмыр кешу жағынып мәртебе ме?
Басына ма бұл жұртты кім көрінген,
Айналмаса егерде сал денеге.
Қарсы шаппай қатерге бетін беріп,
Қазақ өзін жаутаң көз жетім көріп,
Екіталай күн туса,
Солқылдаған
Сазға біткен сары ағаш секілденіп.
Намыс қаны бойында бұлқынбаған,
Жуас жұртты жалғанда кім тыңдаған,
Екіталай күн туса,
мойын-басы
Уын алған жыландай былқылдаған.
Малға өріс қып күтсе де қыр беткейін,
Бассыздықтан жатады күйреп кейін.
Екіталай күн туса,
хал кешеді
Суға артымен сүңгіген үйректейін.
Көктен түскен жұрт еді жасын тістеп,
Мәз болып жүр ішкенге асын істеп.
Қазақ қайдан ойлы ел бола қойсын,
Тауып алмай жоғалған басын іздеп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter