Өлеңдер ✍️

ТҰЙЫҚ ҚАМАЛ
Саумал желі күй тартқан күмбірлеген,
Боз далада күмбез көп күңгірлеген.
Өмір бірақ бұралаң жол болса егер,
Әрі-бері сол жолмен кім жүрмеген.
Жөн-жобаға көнбеген құлақ асып,
Кімге иман үйірсін «Құран» ашып.
Өмір орман болса егер,
Сол орманда
Күркіреген күндерім жүр адасып.
Жақсылар да бара ма жатқа айналып,
Сорым талай қайнаған қақпайланып.
Күңіреген күн қанша?
Өзімді де
Қалың елдің ішінен таппай қалып.
Торғай атып еріккен, шымшық атып,
Көрінгенге мені өмір жүр сынатып.
Ана жаққа аттанып кетсем деймін,
Өлімді де күшіктей қыңсылатып.
Мынау арсыз тірлікте құрамалы,
Тұрған тамға ұқсаймын құлағалы.
Мен де анадан туғанмын,
Үкі таққан
Үкіметтен сыбаға сұрағалы.
Жан сарайым сәулелі арай кілең,
Көктемдерге көктем боп қарай білем.
Үкіметім болса егер тұйық қамал,
Саңылау тауып ішіне қалай кірем?
Жаратса да қазақты текті ел етіп,
Шерменде көп шер жұтқан шетке кетіп.
Жылпостарға дауа жоқ,
Қамал тұрмақ
Жүзіктің де көзінен кеткен өтіп.
Адасқан өсек сөзге, күңкілге еріп,
Жүрген жоқ па неге де жұртым көніп.
Кімге дәрі кісәпір бұл Үкімет
Өз халқына түнерген сыртын беріп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇