Өлеңдер ✍️

БОСТАНДЫҚТЫҢ БУРАСЫ
Шертпе күйлер шерімді қозғағанда,
Шерлі өзенге айналам боз даламда.
Сай-сүйегім сырқырап кететұғын,
Бодандықтың ботасы боздағанда.
Қилы кезде ел іші ірігенде,
Жетпес еді көктемге тірі пенде.
Боталардың боздауы сап тыйылған
Бодандықтың ноқтасы шірігенде.
Жүрміз бірақ қарманып бос ауаны,
Алдымыздан қайғы, азап тоса ма әлі.
Бодандықтың аты өшіп жоғалғанмен,
Бостандықтың бар екен өз зауалы.
Саясаткер бармаған сауық бар ма,
Ағашқа өзін өсірген жауықты алма.
Тәуелсіздіктің тарысы піспей жатып,
Тарлан аз ба айналған тауықтарға.
Күйін кешкен жел үзген жапырақтың,
Ақылдыдан бағы артық ақымақтың.
Азат елде бәйге алып кілең тұғыр,
Аяғына жем түскен арғымақтың.
Барша жұрттың көк қағаз табынғаны,
Сансыраған ой кешіп сарылғаны.
Інген қанша қысыр қап шауып жүрген,
Бостандықтың бурасы шабынғалы.
Қай тұстан да соғатын желді аңғарып,
Ғасыр жүгін жол тартқан теңдеп алып.
Бостандқтың бурасы сорлады ма,
Көтере алмай Нарықты белден қалып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇