file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  209


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘКЕМ ШЫҒАР

Биігіне көтерген қалың шынар,
Асыл еді азапқа жаны шыдар.
 Қызғалдақтар – шашырап қырқада өскен,
Майданда өлген әкемнің қаны шығар.
Жалт-жұлт еткен жанары жарақтайын,
Неге әкемнің өр рухын жаратпайын.
Орақ мұрты әкемнің шығар, бәлкім,
Көктегі Ай иілген садақтайын.
Қосқан аты бәйгеден жеке келіп,
Өзін ылғи жүретін жебе көріп.
Жұлдыздары жамырап тұрған шығар,
Көк аспанды құлатпай шегеленіп.
Қысастығы балағын түріп жеткен,
Өмір кімге қарасын күліп тектен.
Қалың орман – әкемнің шашы шығар
Сұмдықтардан шошынып тұрып кеткен.
Тіршілікте көрмеген мұңсыз қалып,
Тас шайнаған тағдырым тұр сызданып.
Көзі дей бер әкемнің қанталаған,
Көкжиекке батса егер Күн қызарып.
Қай жауды да жеріне қуып барған,
Аз ба азамат ажалға құрықталған.
Биік құздан құлаған асау өзен
Әкем шығар сүйеніп тұрып қалған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу